25.03.2022
Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 814 Жарлығы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ. Тоқаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 22 ақпандағы
№ 814 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында:
"1-бөлім. Мемлекеттік саяси қызметшілердің тәртіптік жауаптылығы" деген бөлімде:
"1. Жалпы ережелер" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
"2. Тәртіптік жазалар қолдану тәртібі" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Тәртіптік жазалар қолдану тәртібі";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің бірінші орынбасарларын және орынбасарларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер және олардың орынбасарлары жол берген қызметтік әдеп нормаларының бұзылуын, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерi жөнiндегi комиссия) қарауы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерi жөнiндегi комиссия қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзу туралы ұсынымдар, сондай-ақ лауазымды адамдардың атқаратын лауазымынан босатуға дейiнгі тәртiптiк жауаптылығы туралы ұсыныстар енгiзуге құқылы.
Қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің бірінші орынбасарларының және орынбасарларының, облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстардың аудандары және қалалардағы аудандар әкімдерінің тәртіптік жауаптылығын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі – Әдеп жөніндегі комиссия) қарайды, ол қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы ұсынымдар, сондай-ақ лауазымды адамдардың атқаратын лауазымынан босатуға дейінгі тәртіптік жауаптылығы туралы ұсыныстар енгізуге құқылы.
Әдеп жөніндегі комиссия туралы ережені мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.";
"2-бөлім. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығы" деген бөлімде:
"1. Жалпы ережелер" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағаларын және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің аппарат басшыларын қоспағанда, "А" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің тәртiптiк жауаптылығын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) не оның тапсырмасы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы (бұдан әрі – Өңірлік кадр комиссиясы) қарайды.";
24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған орталық атқарушы органдар комитеттері төрағаларының және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдері аппарат басшыларының және В-1, В-2, С-1, С-2, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның С-О-1, С-О-2 санаттарындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің және орталық мемлекеттік органдарда дербес лауазымға орналасқан әдеп жөніндегі уәкілдердің тәртіптік жауаптылығын Әдеп жөніндегі комиссия қарайды.
25. Қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген С-О-1, С-О-2, C-R-1, C-R-2, D-1, D-2, D-О-1, D-O-2, Е-1, Е-2, E-R-1, E-R-2 санаттарындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің аппараттарында дербес лауазымға орналасқан әдеп жөніндегі уәкілдердің тәртіптік жауаптылығын мемлекеттік қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері (бұдан әрі – Әдеп жөніндегі кеңес) қарайды.";
28-тармақ алып тасталсын;
"2. Тәртіптік жазаларды қолдану негiздерi мен жағдайлары" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Тәртіптік жазаларды қолдану негiздерi мен жағдайлары";
32-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Тәртіптік жазаның түрiн айқындау және оны қолдану кезінде Заңның 44-бабының 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген талаптар, сондай-ақ:";
33, 34 және 35-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адамдар мемлекеттік әкімшілік қызметшiнің тәртіптік терiс қылығы туралы мәліметтер негізінде одан жазбаша түсiнiктемені талап етеді, ол оны талап етілген күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшi жазбаша түсiнiктеме беруден бас тартқан жағдайда, персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) жұмыскерлері не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адамдар тиісті акт жасайды.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы қызметтік тергеп-тексеру жүргізуге кедергі бола алмайды.
34. Мемлекеттік әкімшілік қызметшi болмашы тәртіптік терiс қылық жасаған жағдайда, ол егер жазбаша түсiнiктемесiнде өзінің осы терiс қылықты жасау фактісімен келiссе, онда уәкілетті адамның қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзбей ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiнде жаза қолдануға құқығы бар.
Егер осы Қағидалардың 21, 24 және 25-тармақтарында көрсетiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiлер жазбаша түсiнiктемелерiнде өздерінің терiс қылықты жасау фактісімен келiссе, осы қызметшілерге қатысты, құзыретіне сәйкес Ұлттық комиссияға, Әдеп жөніндегі комиссияға немесе Әдеп жөніндегі кеңеске берілген материалдар бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер тағайындалмауы мүмкін.
Бұл жағдайда Ұлттық комиссияның төрағасы, Әдеп жөніндегі комиссияның не Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы көрсетілген мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қатысты материалдарды қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану үшін мемлекеттік органға жолдайды.
35. Егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылық жасау фактісімен келiспесе, онда осы Қағидаларда айқындалған тәртiпке сәйкес қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлуге тиiс.";
36-тармақ алып тасталсын;
37 және 38-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Жасағаны үшін лауазымын төмендету, қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту және атқаратын лауазымынан босату түрiнде тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін тәртіптік теріс қылықтар бойынша қызметтiк тергеп-тексеру жүргізу және Комиссияның ұсынымдарының болуы міндетті.
38. Егер тәртіптік теріс қылықты мемлекеттік әкімшілік лауазымға алғаш рет қабылданған адам жасаса, персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам осы адамға бекітілген тәлімгерден теріс қылықтың жасалу фактісі бойынша жазбаша түсініктеме талап етеді, ол қызметтік тергеп-тексеру материалдарына қоса тіркеледі.";
3-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
"3-тарау. Қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзу тәртiбi
43. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылығының жасалу мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде анықтау мақсатында ол туралы материалдарды және мәліметтерді жинау мен тексеру жөніндегі қызмет қызметтік тергеп-тексеру болып табылады.
44. Мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң тәртіптік терiс қылық жасағаны туралы мәлiметтер: жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, құқық қорғау органдары мен өзге мемлекеттiк органдардың материалдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, тәртіптік теріс қылық жасаған адам жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қызметтiк жазбахаттары не ұсынулары және өзге де материалдар қызметтік тергеп-тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.
Материалдар жазбаша, сол сияқты өзге нысанда тіркелген мәлiметтердi, оның ішінде бейнематериалдарды қамтуы мүмкiн.
45. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік теріс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер мемлекеттік әкімшілік қызметшіні лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адамға (бұдан әрі – уәкілетті адам) жасалған теріс қылық туралы мәлімет келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті адамның актісімен тағайындалады.
Сайланбалы орган тағайындайтын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік теріс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер осы сайланбалы орган хатшысының шешімімен тағайындалады.
Аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі үшін уәкілетті адам ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі болып табылады.
46. Осы Қағидалардың 21, 24, 25-тармақтарында көрсетілген мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің уәкілетті адамға белгілі болған тәртіптік теріс қылықтары туралы мәліметтер үш жұмыс күні ішінде құзыретіне сәйкес Ұлттық комиссияға, Әдеп жөніндегі комиссияға немесе Әдеп жөніндегі кеңеске әрі қарай жолдануға жатады.
47. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адамдар қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу туралы акті шығарылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде қызметтiк тергеп-тексеруді жүргiзедi. Бұл ретте, мүдделер қақтығысы болған не олардың тәртіптік жауаптылығы бір тәртіптік іс жүргізу шеңберінде қаралған жағдайларды және осы Қағидалардың 48-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тікелей басшысы қызметтік тергеп-тексеруге тартылады.
Қажет болған жағдайда қызметтік тергеп-тексеруді жүргізуге өзге мемлекеттік қызметшілер тартылуы мүмкін, сондай-ақ қызметтiк тергеп-тексеруді жүргізу персоналды басқару қызметiнің (кадр қызметінің) қызметкерін тарта отырып, басқа құрылымдық бөлімшелердің жұмыскерлеріне жүктелуі мүмкін.
48. Өңірлік кадр комиссиясының, Әдеп жөніндегі комиссияның, Әдеп жөніндегі кеңестің және Комиссияның құрамына кіретін адамдар қызметтік тергеп-тексеру жүргізуге тартылмайды.
49. Осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiлердiң тәртiптiк терiс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер Ұлттық комиссия төрағасының шешімімен тағайындалады.
Ұлттық комиссияның төрағасы қызметтік тергеп-тексеруді жүргізетін адамдардың құрамына Ұлттық комиссияның жұмыс органының не мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкілетті органның өкілін енгізе отырып, қызметтік тергеп-тексеру жүргізуді олардың құзыреттеріне сәйкес тиісті мемлекеттік органға не лауазымды адамға тапсыруы мүмкін.
50. Өңірлік кадр комиссиясының төрағасы осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiлердiң терiс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімді Ұлттық комиссияның тапсыруы бойынша қабылдайды.
Бұл жағдайда Өңірлік кадр комиссиясының төрағасы қызметтік тергеп-тексеруді жүргізетін адамдардың құрамына Өңірлік кадр комиссиясының жұмыс органының өкілін енгізе отырып, қызметтік тергеп-тексеру жүргізуді олардың құзыретіне сәйкес тиісті мемлекеттік органға не лауазымды адамға тапсыруы мүмкін.
51. Осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiлердiң терiс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган басшысының бұйрығымен тағайындалады және оларды мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның лауазымды адамдары осы Қағидаларда белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен жүргiзедi.
Қажет болған жағдайда мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкілетті органның өкілін қатыстыра отырып, сол мемлекеттiк органның өзінің персоналды басқару қызметiне (кадр қызметіне) тапсыруы мүмкiн.
52. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiлердiң терiс қылықтары бойынша қызметтiк тергеп-тексерулер Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының шешімімен тағайындалады және оның жұмыс органы оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Қағидаларда белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
53. Қызметтiк тергеп-тексерулер:
1) мемлекеттiк әкімшілік қызметшi еңбекке уақытша жарамсыз болған;
2) мемлекеттік әкімшілік қызметші демалыста немесе iссапарда болған;
3) мемлекеттік әкімшілік қызметші мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындаған уақытта оны өз лауазымдық міндеттерін орындаудан босатқан;
4) мемлекеттік әкімшілік қызметші даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болған;
5) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне ол сот тәртібімен шағым жасаған кезеңде, сондай-ақ қызметтік тергеп-тексеруді тағайындауға негіз болып табылатын мәселе сот тәртібімен қаралған жағдайларда;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген төтенше жағдай ретінде түсінілетін еңсерілмейтін күш әсер еткен;
7) қызметтік тергеп-тексерулерді жүзеге асыруға қажетті материалдар мен ақпарат беру туралы сұрау салу мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де субъектілерге жіберілген кезеңде тоқтатыла тұрады.
Қызметтiк тергеп-тексеру уәкілетті адамның шешімімен тоқтатыла тұрады және қайта жалғастырылады.
Сайланбалы орган тағайындайтын мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қатысты қызметтік тергеп-тексеруді тоқтата тұру және қайта жалғастыру туралы шешімді осы сайланбалы органның хатшысы қабылдайды.
Уәкілетті адам төтенше жағдай енгiзiлген кезде қызметтік тергеп-тексеруді тоқта тұру және қайта жалғастыру туралы шешімді оның қолданылу кезеңiнде көзделген негізгі және уақытша шектеу шараларын ескере отырып қабылдайды.
54. Қызметтiк тергеп-тексеру барысында персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу жүктелген адамдар өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан мемлекеттік әкімшілік қызметшіден жазбаша түсініктемені талап етеді, тәртіптік терiс қылықтың жасалу мән-жайларына және тергеп-тексерудiң өзге де негiздерiне қатысты барлық материалдар мен мәлiметтердi жан-жақты әрi толық жинайды.
Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген мемлекеттік әкімшілік қызметшіні қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен таныстыруға тиіс.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшi жазбаша түсiнiктеме беруден немесе қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысқанын өз қолын қойып растаудан бас тартқан жағдайда, персоналды басқару қызметiнің (кадр қызметінің) жұмыскерлерi не қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу жүктелген адамдар тиісті акт жасайды, ол қызметтік тергеп-тексеру материалдарына қоса тіркеледі.
Жинақталған материалдар тиісті уәжді қорытындымен бірге Комиссияның қарауына ұсынылады.
55. Егер қызметтiк тергеп-тексеру нәтижесiнде мемлекеттік әкімшілік қызметшi қылмыстық әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық құрамының ықтимал белгiлерi бар әрекетке жол берді деген тұжырым жасалса, уәкілетті адам алынған материалдарды Комиссияның қарауына шығармай, құқық қорғау органдарына немесе өзге органдарға дереу береді.
Құқық қорғау органы мемлекеттік қызметшіге қатысты қылмыстық іс не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан жағдайда, бірақ оның әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық белгілері бар болса, іс бойынша материалдар тиісті мемлекеттік органға жолданады.";
"4. Тәртiптiк комиссияны қалыптастыру және оның жұмыс тәртiбi" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-тарау. Тәртiптiк комиссияны қалыптастыру және оның жұмыс тәртiбi";
60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"60. Комиссия уәкілетті адамның актісімен қалыптастырылады және мемлекеттiк органның жұмыскерлері қатарынан құрылатын Комиссияның төрағасынан, мүшелерінен тұрады.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны, төрағаны қоса алғанда, тақ санды құрауға және Комиссия құрамы мемлекеттік органның түрлі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерінен тұруға тиіс.
Орталық атқарушы органдарда аппарат басшысы Комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның кемінде бес мүшеден тұратын құрамын жасақтайды, оның үштен екісі құрылымдық бөлімшелердің өкілдерінен, оның ішінде төрағадан тұруға тиіс. Комиссияның төрағасы Комиссияны құру туралы актіде айқындалады.
Штат саны елу бірліктен аз мемлекеттік органдар үшін үш мүшеден тұратын Комиссия қалыптастыруға жол беріледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сайланатын мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлердің жауаптылығын қарау үшін Комиссияның құрамына сондай-ақ мәслихат депутаттары мен жергілікті қоғамдастықтың өкілдері енгізіледі.
Персоналды басқару қызметiнiң (кадр қызметінің) басшысы айқындайтын персоналды басқару қызметiнiң (кадр қызметінің) өкiлi не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам Комиссияның хатшысы болып табылады. Комиссия жұмысының барлық материалдары персоналды басқару қызметiнде (кадр қызметінде) сақталады. Комиссия хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатыспайды.
Мемлекеттік органдардың мемлекеттік саяси қызметшілер болып табылатын басшылары және олардың орынбасарлары, сондай-ақ уәкілетті адамдар Комиссияның құрамына кірмейді.";
62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"62. Комиссия өз отырысында қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарайды және тәртіптік терiс қылыққа қатысты фактілерді зерттейдi, өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң және тергеп-тексеруді жүргiзген персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не уәкiлеттi лауазымды адамдар өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды. Комиссияның куәларды тыңдауға және терiс қылыққа қатысы бар кез келген фактілерді зерттеуге де құқығы бар.
Қажет болған жағдайда Комиссияның отырыстарын бейнеконференцбайланыс арқылы өткізуге болады.
Комиссия қызметтік тергеп-тексеру материалдарын тәртіптік жаза қолдану мерзімдерін ескере отырып, бес жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.";
мынадай мазмұндағы 62-1-тармақпен толықтырылсын:
"62-1. Отырыс өткiзiлетiн күндi Комиссияның төрағасы айқындайды, ол туралы персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам Комиссия мүшелерін хабардар етеді.";
63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"63. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам Комиссия отырысы өткiзілерден кемінде үш жұмыс күні бұрын мемлекеттік әкімшілік қызметшіге Комиссия отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарлауға тиіс.
Осы Қағидаларда тиісінше хабарлау деп мемлекеттік әкімшілік қызметшіге жұмыс орны бойынша хатпен не ол жұмыста болмаған жағдайда, оның өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне тілхат алынып, табыс етілетін тапсырыс хатпен немесе жеделхатпен не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабарлау танылады.
Тәртіптік жауаптылыққа тартылатын мемлекеттік әкімшілік қызметші қызметтік тергеп-тексеру кезінде өзінің мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі өзгерген жағдайда, бұл туралы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адамға жазбаша хабарлайды.
Мұндай хабар болмаған жағдайда, хабарлау, шақыру соңғы белгілі мекенжайға, ұялы байланыстың абоненттік нөміріне жіберіледі және қызметші бұл мекенжайда енді тұрмаса да немесе болмаса да, осы ұялы байланыстың абоненттік нөмірін пайдаланбаса да, жеткізілді деп саналады.";
64-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Өзіне қатысты тәртіптік жауаптылық қаралып жатқан мемлекеттік әкімшілік қызметшінің болмауы, егер оған тиісінше хабарланған болса, Комиссияның отырысында қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарауға кедергі болып табылмайды.";
67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"67. Комиссия отырысының қорытындысы осы Қағидалардың 66-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша Комиссияның шешімдері тіркелетін хаттама түрінде ресімделеді. Хаттама отырыс өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде рәсімделеді және оған Комиссияның төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды, содан кейін персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам өзіне қатысты тәртiптiк жауаптылық мәселесі қаралған қызметшіге таныстырады.
Тәртіптік жауаптылық мәселелерін қарау мемлекеттік құпияларды қозғайтын жағдайларды қоспағанда, отырыс барысы техникалық бейнежазу құралдарының көмегімен тіркеледі. Хаттамаға отырыстың дәлжазбасы қоса берілуі мүмкін. Тәртіптік жауаптылық мәселелерін қарау мемлекеттік құпияларды қозғайтын жағдайларды қоспағанда, отырыс уақытында мемлекеттік әкімшілік қызметші техникалық жазу құралдарын да пайдалана алады. Техникалық жазу құралдарын пайдалану тәртіптік комиссия отырысының өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс.
Бұл ретте отырысқа қатысушылар мен Комиссия мүшелері бейнежазумен қамтылады.
Комиссия отырысының хаттамасында Комиссияның техникалық бейнежазу құралдарын қолданғаны туралы белгі жасалады.
Техникалық бейнежазу құралдарының көмегімен тіркелген материалдар Комиссия отырысы аяқталған кезден бастап кемінде бес жыл персоналды басқару қызметінде (кадр қызметінде) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адамда сақталады.";
"5. Тәртіптік жазаларды қолдану тәртiбi" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Тәртіптік жазаларды қолдану тәртiбi";
мынадай мазмұндағы 71-1-тармақпен толықтырылсын:
"71-1. Уәкілетті адамға мемлекеттік қызметшінің теріс қылық жасағаны жөнінде белгілі болған күн тәртіптік теріс қылықтың анықталған күні болып саналады.";
72-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"72. Уәкілетті адам Комиссияның тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынымы келіп түскен күннен бастап жазаны қолдану мерзімдерінің шегінде, бес жұмыс күні ішінде мынадай шешiмдердің бірін қабылдайды:
1) тиiстi тәртіптік жазаны қолданады;
2) тәртіптік жазаны қолдану мерзімдерінің шегінде қосымша қызметтік тергеп-тексеруді тағайындайды және материалдарды қосымша қызметтiк тергеп-тексеруге жiбередi;
3) тәртіптік жазаны қолданбайды.
Сайланбалы орган тағайындайтын мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қатысты шешімді осы сайланбалы орган қабылдайды.";
74-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"74. Тиісті мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін атқару жүктелген адам жаза қолдану туралы акт шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазаға ұшыраған адамға қолданылған тәртіптік жаза туралы қолын қойдыра отырып хабарлайды. Жазаға ұшыраған адам өзінің танысқанын қолын қойып растаудан бас тартқан жағдайда, жаза қолдану туралы актіге бұл туралы тиісті жазба жасалады не акті жасалады.";
76-тармақ алып тасталсын;
81 және 82-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"81. Егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi жаза қолданылған күннен бастап алты ай iшiнде жаңа тәртіптік жазаға ұшырамаса, онда оның тәртіптік жазасы жоқ деп есептеледі.
82. Егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi жаңа терiс қылық жасамаса және бұл ретте өзiн адал жұмыскер ретiнде көрсетсе, тәртіптік жаза алты ай өткенге дейiн алынуы мүмкiн.
Мемлекеттік қызметшіде алынбаған екі тәртіптік жаза болған кезде, оларды алу жаза қолдану хронологиясына сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшіден лауазымын төмендету түріндегі жазаны алу оның бұрын атқарған лауазымына қайта орналасуына алып келмейді.";
84-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"84. Осы Қағидалардың 86-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Ұлттық комиссияның, Өңірлік кадр комиссиясының, Әдеп жөніндегі комиссияның, Әдеп жөніндегі кеңестің немесе Комиссияның ұсынымы бойынша қолданылған тәртіптік жазаны мерзiмiнен бұрын алуды оны қолданған уәкілетті адам тиісінше Ұлттық комиссияның, Әдеп жөніндегі комиссияның, Өңірлік кадр комиссиясының, Әдеп жөніндегі кеңестің немесе Комиссияның келiсiмiмен жүргiзедi.
Сайланбалы орган тағайындайтын мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге қатысты тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу туралы шешімді осы сайланбалы орган қабылдайды.";
"6. Мемлекеттік әкімшілік қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiндегi олардың құқықтық кепiлдiктері" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-тарау. Мемлекеттік әкімшілік қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiндегi олардың құқықтық кепiлдiктері";
89-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"89. Мемлекеттік әкімшілік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке қатысу құқығы беріледі.
Терiс қылық жасағаны үшiн тәртіптік жауаптылыққа тартылатын мемлекеттік әкімшілік қызметшiнің өз өкiлі болуы мүмкін.".
2. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығында:
1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі;";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
3. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 156 Жарлығында:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережеде:
6-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген С-О-1, С-О-2, С-R-1, С-R-2, D-1, D-2, D-О-1, D-О-2, Е-1, Е-2, Е-R-1, Е-R-2 санаттарындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің аппараттарында дербес лауазымға орналасқан әдеп жөніндегі уәкілдерге (бұдан әрі – қызметшілер) қатысты тәртіптік істерді қарау.";
16-тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) егер оларға Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің көпшілігі қатысса, құқықтық күші бар деп саналады;";
22-тармақ 5) тармақшасындағы "жағдайда тоқтатыла тұрады." деген сөздер "жағдайларда;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
"6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген төтенше жағдай ретінде түсінілетін еңсерілмейтін күш әсер еткен;
7) қызметтік тергеп-тексерулерді жүзеге асыруға қажетті материалдар мен ақпарат беру туралы сұрау салу мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де субъектілерге жіберілген кезеңде тоқтатыла тұрады.".
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы 22 ақпандағы
№ 814 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 153 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.
Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
2. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
3. Кодекстің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылады.
4. Осы Кодексте белгіленген қызметтік әдеп стандарттары барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті.
2-тарау. Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары
5. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
3-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары
6. Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады:
1) қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;
2) мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;
3) заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау;
4) азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау;
5) іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу;
6) лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау;
7) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау;
8) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану;
9) қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау.
7. Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс.
8. Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:
1) ұжымда іскерлік және жанашыр өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;
2) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге не оған жол бермеу жөнінде өзге де шараларды қабылдауға;
3) ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан тартынуға;
4) өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
5) қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және оған қолсұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға бағытталған шаралар қабылдауға;
6) жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларға үйлеспейтін әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;
7) әріптестеріне қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;
8) әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс.
9. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс.
Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның осыған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер пікірталастарды мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірместен, дұрыс нысанда жүргізуге тиіс.
10. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
4-тарау. Қызметтік әдепті бұзудың профилактикасы бойынша үйлестіру
11. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган заңнамаға сәйкес қызметтік әдепті бұзудың профилактикасы бойынша үйлестіруді жүзеге асырады.
5-тарау. Қызметтік әдепті бұзғаны үшін жауаптылық
12. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын бұзуы тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғады.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК